Страницы

понедельник, 23 декабря 2013 г.

Су патшайымы немесе менің сүйікті гүлім))

             
            Маған жиі қойылатын сұрақтың бірі: "Сүйікті гүлініңіз қандай?" Негізінде, бұл маған ұнамайтын сауалдың бірі екенін жасырмаймын. Себебі, мен үшін  әрбір гүл өзінше әдемі, өзінше ерекше :) Дегенмен, бүгін сіздерге сүйікті гүлдерімнің бірі тұңғиық жайында айтпақпын. 


               Неге түйетабан?

             Тұңғиық (Nyphaea) – көпжылдық су өсімдігі, тамырсабағы мықты әрі жуан, ұзын сағағында сопақша келген тығызқабықты жапырағы орналасқан. Гүлінің пішіні – түрі мен сұрыпына қарай ұсақ, ірі, орташа. Гүлі ақ, сары, қызыл, күлгін, сия көк секілді ашық түсті.
Тұңғиықтың жапырағы да ірі болып келеді. Жапырағы су бетінде қалқып жүргенде түйенің табаны тәрізді көрінеді. Сондықтан, қарақалпақ халқы «түйе табан» деп атайды. Су ішуге келген торғай мен бақа жапырағының үстіне емін-еркін отыра алады.

 Таралуы

Тұңғиықтың  табиғатта 50-ге жуық түрі бар. Негізгі таралу аймағы — Үндістан, Қытай, Жапония, Корея. Қазақстанда Жайық өзенінің, Қаракөл көлінің алабына жерсіндіру кезінде жаңа тіршілік жағдайына толық бейімделген. Елімізде Алакөл қорығының  Онағаш су айдынында табиғи ақ тұңғиықгүл (N. candidaJ.Presl.) кішігірім топ құрап өседі, алайда бүгінде саны азаюда.

 Халық арасында
Ақ түсті тұңғиықты көрген адам суда қанатын жайып тұрған аққудың балапаны екен деп қалады. Сондықтан да халық аталмыш өсімдікті «аққугүл» деп атаған. «Су маржаны», нимфея, «су лаласы» деген әдемі атаулары бар тұңғиықты барша халық «су патшайымы» деп құрметтейді. 

Гүлдеуі
Өсімдік шілде – тамыз айларында гүлдейді. Сондай – ақ гүлінің құрлысына да байланысты: жай күлтелі, жартылай гүлпарлы және гүлпарлы болып 3 топқа бөлінеді. Бір қызығы, олардың бірқатары гүлін – түнде, ал біразы күндіз ашады, тіпті жұпар иіс бөлетін түрлерін иісіне қарай ажыратады. 

Құмыра тәрізді   
Күзге таяу тұңғиықтың кішкене құмыра тәрізді жемісі піседі. Шынында, гүл атауы жемісінің құмыраға ұқсас келетініне байланысты қойылған. Бір өсімдіктен құмыра тәрізді 5-6 жеміс түседі. Жемісі майлы, әрі дәмді. 
Тұңғиықтың жақсы гүлдеуі үшін
Тұңғиықтың жақсы гүлдеуі судың ағысына және күн көзіне байланысты. Ағысы жылдам суда өсетін, тереңге егілген гүл молынан гүлдемейді. Керісінше, сазды топырақта жақсы өседі. Тұңғиық  суыққа шыдамды және шыдамсыз болып екіге бөлінеді. Сондықтан, сатып алған гүлдің қысқы суықты қар астында өткізе алатындығын сатушыдан сұрап біліп алған жөн. 



Күтімі
Ал, суыққа шыдамсыз түрін қыс кезінде жертөледе сақтайды. Суыққа шыдамды тұңғиық жаз кезінде мол гүлдейді. Маусымнан – қыркүйекке дейін үздіксіз жарған гүлі судың бетін әдемілікке бөлейді. Суыққа шыдамсыз тұңғиық тропиктік аймақтан әкелініп, жерсіндірілген. Олардың ерекшелігі –хош иістілігінде. Әсіресе, су маңында демалғанды ұнататын жандар үшін жұпар иісті тұңғиық таптырмайтын өсімдік. 

Елімізде тұңғиықты аулаға сәндік үшін өсіру мәдениеті әлі күнге дамымай отыр. Алдымен, бұл гүлді өсірмес бұрын, аулаңызға су қоймасын орнатуыңыз керек. Тұңғиық сусыз жерде тіршілік ете алмайды.

Көгалдандырушыға 11 кеңес


Қыс мезгіліндегі бақша қызықтары немесе көгалдандырушыға 11 кеңес



1-кеңес
                                                                                               Фото  odin-fakt.ru
Қыста өсімдіктің өсу үдерісі тоқтап, бақ іші қысқы ұйқыға кетіп, ақ қар астында қалады. Өсімдік үшін бұл өте қолайлы. Себебі, қар өсімдіктің тамырын үсіп кетуден қорғайды. Сондықтан, қар аз жауған кезде пиязшық, көпжылдық, раушан гүлінің үстіне қар үйіп, суықтан сақтау қажет. Ағаштың да түбін қармен жауып қойған дұрыс. Алайда, жылы жерге тышқан үйір, әсіресе, пиязшық гүлдің жауы, сондықтан, өсімдіктің үстіне қар үйіп болған соң, үйілген қардың шетін айнала жақсылап таптау керек.
2-кеңес

Сонымен қатар, қар қалың жауғанда  қылқанжапырақты ағаштың бұтағына  түскен қарды сілкіп тастаған жөн. Өйткені, қардың салмағынан бұтақ сынып кетеді. Бірақ,ағаш бұтағын темірмен,жуан тақтаймен қатты ұруға болмайды,суықта қатып тұрған бұта морт сынып кетуі ықтимал. 

                                                                                            Фото odin-fakt.ru 
Ал, бұтасы көп жауған қар салмағына шыдаса, сол  қарымен әдемі қалпында тұра бергені дұрыс. Тік өсетін қылқанжапырақты ағаш түрінің бұтағын біріктіріп, жіппен байлап қоюға болады. Жіп бозаршаның арасына қар жиналып бұтағын сындырудан, әрі суықтан қорғайды.
            3-кеңес.             
                
                                                                                                            Фото odin-fakt.ru
Ағаш басында қалған былтырғы жеміс қалдықтары,қураған жапырақтар бақша зиянкестерінің қыстық қорғанышы болуы мүмкін ,сондықтан оларды осы айларда жинап алып өртеп тастаған дұрыс.
4-кеңес



Өсімдікті  көбейтудің әр түрлі жолы бар соның ішінде стратификациялауды қажет ететін түрлерін қаңтар айында еккен дұрыс. Атталшынды, еменді,т.б. көптеген дәнегі қатты ағаш бұталардың тұқымын жәшіктерге егіп қалың қарға көміп қойған жөн.  

5-кеңес



Жабайы жүзім көшетіне қалемше дайындауды да осы қыс айларында ұмытпаған жөн. Ұзындығын 25-30 см қалемше дайындап, жартылай ыдысқа суға батырып жертөледе немесе салқындау жерде сәуір айының соңына дейін сақтап, түбектерге немесе керекті орынына бірден ексеңіз,тез тамырланып, көктеп кетеді. Қыс айында дайындаған қалемше жаз айындағы көшет дайындауға қарағанда жеңіл әрі өнуінің пайызы жоғары. 

6-кеңес
Қыста сақтауға қойған пиязшық, түйнек тамырлыларды тексеріп , құрғап қалмауы үшін ауаның температурасы +7 С,  ал ылғалдылығы 80% болуын қадағалаңыз. 

7-кеңес



Бақша жұмысымен қатар, бөлме өсімдігіне де көңіл бөлуді ұмытпаңыз. Қазтамақ, қалампыр, қынагүлдің тұқымының өсіп-өнуіне 6 ай керек. Сол себепті, аталмыш гүлдерді қаңтар айында ексе, жазлың ортасында гүлдейді. Өсіп-өнуі үшін 12 сағаттық жарық керек, сондықтан, люминесцентті шаммен қосымша жарық беру керек.




 8-кеңес



Жеміс ағашын әлі мазалауға болмайды, ал көгалдындыруда пайдаланатын бұталы өсімдікті реттеудің нағыз кезеңі десек болады.  Қара ағаш пен қына ағаштан, т.б, әр түрлі бұтадан жасалған жасыл шарбақтың  уақыт өте төменгі бөлігінің жапырағы азайып сыйдиып қалады. Сондықтан,  жасыл шарбақты жаңарту, жасарту мақсатында өңі кете бастаған кезде  жер бетінен 15-20 см –ден кесіп тастау керек. Көктемде жаңа өскіндері жетіліп өскеннен кейін қырқып жаңа қоршаудың іргесін қалауға болады.

9-кеңес



Ақпан айының соңына таман қыстай су аз мөлшерде құйылып күтімсіз тұрған қазтамақты бөлменің жарық жеріне қойып, жақсылап суғарып, түбін босатып қоректік заттар қосып,жаңа көшет алуға дайындаймыз.

10-кеңес




Күзде жәшіктерге  құнарлы топырақ толтырып , ақпанның аяғында үстінен қайнаған су құйып залалсыздандырып, тұқым себуге дайындық жасау керек.  

11-кеңес



Қар жауған соң көгалдың үстімен жүрмеген дұрыс. Себебі, қар тапталып, ауа кірмей қалатындықтан көгал ауыр салмақтан зиян шегеді. Демек, келер жылы қыс кезінде тапталып қалған көгал сарғайып кетуі немесе тіпті өнбей қалуы да мүмкін. Сондықтан, мәрелі жерге көгал бетімен қиып өтпей, арнайы жолмен жүріңіз.


Бақшаңыз қыс мезгілінде де әдемі болып тұрсын десеңіз...




Бақшаның, ауланың әдемілігін әрине, жаз кезінде көбірек тамашалуға болады. Ал, күз бітіп қыс келгенде, ауладан аппақ қардан басқа ештеңе көре алмай қаламыз. Сондықтан, жадыраған жазды ғана емес, көгалдандыруда қыс мезгіліндегі бақшаны да көзге елестете отырып безендіру қажет.


Қысқы бақшаның басты көркі ол – қылқанжапырақты ағаш. Бүршігіне мұз қатқан шырша, қарағай, балқарағай секілді алып ағаш аппақ қарымен бірден көзге түседі. Әсіресе, молынан егілген қылқанжапырақты ағаш қыс кезінде өте әдемі болып көрінеді. 


Бақшаның қыс мезгілінде де әдемі болып тұрсын десеңіз, аулаңызға мәңгіжасыл өсімдіктен жәмшит, махонияны, сондай-ақ, бөріқарақат пен ырғайды (жапырағын түсірмейтін түрі болады), қылқанжапырақты ағаштан бозарша, таксус, кипарис, самырсын, қарағайдың алуан түрінен егіп қойғаныңыз жөн. Аталған өсімдік қыс кезінде де жап-жасыл болып аулаға көрік сыйлайды. Тіпті, жаңа жыл мерекесі қарсаңында шыршаңыз болмаса, арша мен бозаршаны шырша орнына безендіруге болады.

Егер, аулаңызда қылқанжапырақты ағаш жоқ болса, түбекте егілген дайын көшетті әлі де аулаға  егуіңізге болады. Қыс кезінде «ұйықтап жатқан» өсімдікті көшеттеу оңай, әрі тиімді. Ендеше, алдағы қыс қызықты өтсін!