Страницы

понедельник, 23 декабря 2013 г.

Су патшайымы немесе менің сүйікті гүлім))

             
            Маған жиі қойылатын сұрақтың бірі: "Сүйікті гүлініңіз қандай?" Негізінде, бұл маған ұнамайтын сауалдың бірі екенін жасырмаймын. Себебі, мен үшін  әрбір гүл өзінше әдемі, өзінше ерекше :) Дегенмен, бүгін сіздерге сүйікті гүлдерімнің бірі тұңғиық жайында айтпақпын. 


               Неге түйетабан?

             Тұңғиық (Nyphaea) – көпжылдық су өсімдігі, тамырсабағы мықты әрі жуан, ұзын сағағында сопақша келген тығызқабықты жапырағы орналасқан. Гүлінің пішіні – түрі мен сұрыпына қарай ұсақ, ірі, орташа. Гүлі ақ, сары, қызыл, күлгін, сия көк секілді ашық түсті.
Тұңғиықтың жапырағы да ірі болып келеді. Жапырағы су бетінде қалқып жүргенде түйенің табаны тәрізді көрінеді. Сондықтан, қарақалпақ халқы «түйе табан» деп атайды. Су ішуге келген торғай мен бақа жапырағының үстіне емін-еркін отыра алады.

 Таралуы

Тұңғиықтың  табиғатта 50-ге жуық түрі бар. Негізгі таралу аймағы — Үндістан, Қытай, Жапония, Корея. Қазақстанда Жайық өзенінің, Қаракөл көлінің алабына жерсіндіру кезінде жаңа тіршілік жағдайына толық бейімделген. Елімізде Алакөл қорығының  Онағаш су айдынында табиғи ақ тұңғиықгүл (N. candidaJ.Presl.) кішігірім топ құрап өседі, алайда бүгінде саны азаюда.

 Халық арасында
Ақ түсті тұңғиықты көрген адам суда қанатын жайып тұрған аққудың балапаны екен деп қалады. Сондықтан да халық аталмыш өсімдікті «аққугүл» деп атаған. «Су маржаны», нимфея, «су лаласы» деген әдемі атаулары бар тұңғиықты барша халық «су патшайымы» деп құрметтейді. 

Гүлдеуі
Өсімдік шілде – тамыз айларында гүлдейді. Сондай – ақ гүлінің құрлысына да байланысты: жай күлтелі, жартылай гүлпарлы және гүлпарлы болып 3 топқа бөлінеді. Бір қызығы, олардың бірқатары гүлін – түнде, ал біразы күндіз ашады, тіпті жұпар иіс бөлетін түрлерін иісіне қарай ажыратады. 

Құмыра тәрізді   
Күзге таяу тұңғиықтың кішкене құмыра тәрізді жемісі піседі. Шынында, гүл атауы жемісінің құмыраға ұқсас келетініне байланысты қойылған. Бір өсімдіктен құмыра тәрізді 5-6 жеміс түседі. Жемісі майлы, әрі дәмді. 
Тұңғиықтың жақсы гүлдеуі үшін
Тұңғиықтың жақсы гүлдеуі судың ағысына және күн көзіне байланысты. Ағысы жылдам суда өсетін, тереңге егілген гүл молынан гүлдемейді. Керісінше, сазды топырақта жақсы өседі. Тұңғиық  суыққа шыдамды және шыдамсыз болып екіге бөлінеді. Сондықтан, сатып алған гүлдің қысқы суықты қар астында өткізе алатындығын сатушыдан сұрап біліп алған жөн. 



Күтімі
Ал, суыққа шыдамсыз түрін қыс кезінде жертөледе сақтайды. Суыққа шыдамды тұңғиық жаз кезінде мол гүлдейді. Маусымнан – қыркүйекке дейін үздіксіз жарған гүлі судың бетін әдемілікке бөлейді. Суыққа шыдамсыз тұңғиық тропиктік аймақтан әкелініп, жерсіндірілген. Олардың ерекшелігі –хош иістілігінде. Әсіресе, су маңында демалғанды ұнататын жандар үшін жұпар иісті тұңғиық таптырмайтын өсімдік. 

Елімізде тұңғиықты аулаға сәндік үшін өсіру мәдениеті әлі күнге дамымай отыр. Алдымен, бұл гүлді өсірмес бұрын, аулаңызға су қоймасын орнатуыңыз керек. Тұңғиық сусыз жерде тіршілік ете алмайды.

Комментариев нет:

Отправить комментарий